Jump to content

Page:Akbope (Isa Baizakov 1945).pdf/59

From Wikisource
This page has been validated.

«Тайшықтың, атқан оғын ат өзіне»...
Деді де қайта толды нұр жүзіне.
От сенді, қан тоқтады, тамыр тынды,
Құйылды қанды жастар жұрт көзіне.

Ақбөпе тұрды ерленіп орынынан,
Жігіттер, сыйла өлікті қайрат қылған.
Майданға мен аттанам, кел еріңдер,
Топта ма, Тайшық қайда сонау тұрған.

Кегімен Әмірханның құнын алам,
Қарғысты қанмен атам, қанмен ұрған.
Арманнан шығатұғын кезім осы
Жігіттер, Мамакерді, әкел маған.

Күзетке үш-ақ кісі тәнге қалды,
Өң бұзып жауға бетін сайлап алды.
Көзінен мөлт-мөлт етіп жас ағызып,
Ақтарлан күзетінде бірге қалды.

Кәрібайдың өлігін ап, елге қарай,
Қамданып жатыр еді жаулар солай.
Айқайлап алпыс жігіт ат қойғанда,
Қорқағы елге қашты жан сауғалай.

Гүлдерін сай-саланың тозаң басты,
Айрылып ұясынан құстар састы.
Тобына туре тиіп, топырлатты,
Талайы бас сауғалап жанталасты.

Жөнелді Тайшық қашып үрейі қалмай,
Ақбөпе қыр соңына түсті талмай.
Сойылмен жеткен бойы екі салды,
Тоқтаусыз үсті-үстіне қолын алмай.

Атынан сүйретіліп түсті барып,
Кетіпті тиген сойыл басын жарып.
Ақбөпе түсе сала тағы да ұрды,
Достары жедел жетті ортаға алып.