Ей жас тән, бізден де сен кетесін-ау,
Дегендей иілісіп ортаға алып.
Тағы да, — ей Ақбөпе келші бері,
Басылсын көңілімнің барлық шері.
Аққудай Әмірханның Ақбөпесі,
Сүртші бір көзім жапты бетім тері.
Тер емес, ол жып-жылы ажал қаны,
Шыбынымдап құлады аттан Ақбөпе әні,
Күңіренді жолдастары жана жетті,
Зарлатты, үн қосты ерлер сардаланы.
Ақбөпе қанды, тәнді құлай құшты,
Қурады екі көздің жанары өшті.
Құлатты тұңғыйықтың биік жары,
Әл бітті, ажал арбап барлық күшті.
Көзінің қанды жасы сел боп ақты.
Төгіліп Әмірханның бетін жапты.
Қан басқан кірпігінен көзін ашып,
Әмірхан, Ақбөпем деп - тыныс тапты.
Ақбөпе Әмірханның қолын алды.
Көтеріп өз мойнына әкеп салды.
— Тағы да бір сүйейін... әлі жетпей,
Орнына қайта түсті, қайта қалды.
— Ақбөпе, мен дем алам, сен дем алма.
Азапқа өзіңді өзің енді салма.
Ұмытпа, өмір бойы, жырла мені,
Қайғырма, қайратқа мін, қажып, талма.
Арылтып арқаға жай, сал әнімді,
Тірі де!.. әлі өлген жоқ айт жанымды.
Сөнбейтін өмірбақый махаббаттың,
Айт, — менің отыменен жанғанымды...
Page:Akbope (Isa Baizakov 1945).pdf/58
Appearance
This page has been validated.