Жүрерде кісі салып Бектас берді,
Мінгізген Ақбөпеге мамакерді.
Келеді Әмірхан мен Жанай шауып,
Жібер деп ақтарлан ат сүзед жерді.
Жақындап жігіттерге, шолақ сайға,
Құғынды жетіп қалған сонда көрді.
Айқасып айдалада құмар тарқап,
Сынайтын кезек келді ер мен ерді.
Әмірхан таяу келіп: — ал Ақбөпе,
Жалт қарайд - недейсіз? деп өмірге ерке.
Тізгінді босатыңдар, топқа тез жет,
Болмандар бізге бөгет құр бекерге.
Амал жок, Ақбөпе айтты тіл алайын,
Әйтпесе айқасуға мен де дайын.
Құдыйтып Құдиярды сұлатар ем,
Қалдырмай бір ұрғаннан неғылайын.
Жеткенше жігіттерге топқа кірме,
Күтіндер, шеттеп тиіп бірме бірге.
Сақ бол деп Әмірханға бірнеше айтып,
Ақбөпе қамшы салды мамакерге.
Әмірхан тосқауылдап күтіп қалды,
Қасына Қожақ пенен Айтбайды алды.
Аттарын іркіп ұстап аса қыспай,
Тозаңға соңындағы көзін салды.
Келеді, үздік-үздік, топ-топ болып,
Адырдан андап түсіп дала толып.
Алдынан қалың қолдың жеке-дара,
Аңыратып Аужан жетті инін жұлып.
Астында киік танау тышқан сұр ат,
Долданып шапқан сайын құтырынад.
Page:Akbope (Isa Baizakov 1945).pdf/53
Appearance
This page has been validated.