Jump to content

Page:Akbope (Isa Baizakov 1945).pdf/19

From Wikisource
This page has been validated.

Құдалар бірге шығып сөз жарасып,
Ұзатты әй дейтін жер белден асып.
Жардағы жапалақтай жазғытұрғы,
Басқасы бос қарайды аузын ашып.

Көздерін кейбіреуі уқалайды,
Есінеп есі шығып, ұйқы басып.
— Тағы да келіңіз деп Ақбөпеге,
Әмірхан қолын қысты амандасып.

Жан сырын ықтыярсыз түсіндірді,
Оттары қол арқылы араласып.
Үндеспей екі кұмар ұғысқанда,
Күн кұшты, екеуіне нұрын шашып.

Барлығы жан дегенде жалғыз аға,
Туғаны бір анадан екеуі ғана.
Ардақтап аялаған қайран бауыр,
Болғанда, желге қалқа, күнге пана.

Ақбөпе жан бергендей Қасым десе,
Серігі ақылдасы әсіресе.
Әкесі қыя тартып көнбегенде,
Жөн айтқан ел сөзіне әлденеше.

Ауылы Көпбайды Айтпай, Қасым дейтін,
Ақылы тең құрбыдан басым дейтін.
Сарабдал, қыйсық Көпбай десіп халық,
Балалар қалай туды, асыл дейтін.

Айдардан алпыстай үй өсіп-өнген,
Бір ауыз бас-аяғы түгелденген.
Жасы үлкен ақсақалы Көпбай еді,
Іргелі үлкен үйі терезе тең.

18