Jump to content

Page:Akbope (Isa Baizakov 1945).pdf/56

From Wikisource
This page has been validated.

«Мен Кәрібай, қанынды ішем, Әмірхан» деп,
Айқасып ақ сойылмен салып өтті.

Қап бәлем, қанға жерік зұлым Кәрібай,
Қоймаушы ед, сен дегенде, ел жыламай.
Әкеңе көрде жатқан жіберейін,
Ағылтты ақтарланды соған қарай.

Желкеден бір-ақ ұрды сеспей қатты,
Өзі ұрттап жерік қанын барып жатты.
Кез келіп жалт бергенше жалғыз аяқ,
Ақтарлан арам қатқыр омақатты.

Әмірхан аман қалды, жығылды асып,
Сойылын жылдам алды жанталасып.
Ұшып тұрды жануар жығылса да,
Жіліншігі үзіліп, қалыпты асып.

«Ойбай өлді, бауырым үзілді» деп,
Кәрібайдың бәрі ұйлықты үстін басып.
Ықылық атып, қара қан кұсып жатыр,
Үзіліпті жұлыны, аузын ашып.

Әмірханды ортаға тағы да алды,
Дарытпай жалғыз, жаяу ұрыс салды.
Тобына сыпыра сермеп болмаған соң,
Тайшық сұм қос ауызбен басып қалды.

Емшегінің үстінен тесіп өтті,
Қан жалап ажал оғы жерге жетті.
Және тартты қалғанын сол жақтағы,
О да тиді шекесін жырып кетті.

Үстінен нұрлы жүздің саулады қан,
Мұздады тұлабойы қыйналды жан.
Серпілді бірі батпай дұспандары,
Секілді жер күңіреніп, көк жылаған.

56