Jump to content

Page:Akbope (Isa Baizakov 1945).pdf/25

From Wikisource
This page has been validated.

Әмірхан ұйықтай алмай ойға кетті,
Ұйкысы келмей қойды не себепті.
Жалғыз үй, қалың қыпшақ ортасында,
Тартам ба, әлде талай қайғы дертті.

«Арыстан айға шауып мерт болды» деп,
Көрем бе, өмір өксіп өткелекті...
Жауса да, қысында қан, шілдеде мұз.
Екі етпен Ақбөпеге берген сертті!..

Қауыпты өткір ойы бір-ақ кесіп,
Қызыққа тағы батты қайта кешіп.
Айналып Ақбөпемен бақыт тауып,
Екеуі сайрандап жүр желдей есіп.

Қыялмен кешіп өтті бәрін де оңай,
Кұрметтеп кұрбылары бірі қалмай.
Болғанда сәске мезгіл жұрт тұратын,
Әмірхан мызғып кетті жатып солай...

Ақбөпе дәл осындай халге түсті,
— Қондырсам, тұғыр болып қыран құсты.
Қайғысыз қыздың онда күні бар ма,
Кім білед, немен тынбақ мұндай істі,

Айтқам жоқ Әмірханға қауып жайын,
Шошытып күні бұрын не қылайын?
Ерлігі еш адамнан кейін емес,
Не көрсек бір көрерміз болдық дайын.

Жолына Әмірханның тасаттықпын
Өмірімнің қуатынан немді аяйын.
Шыдадым нөсер жауып жер қозғалса,
Бұлт соғып аспан атса, нажағайын!..

VII


Аққұла басқа жаздан быйылғы жаз,
Бұралып қыз-келіншек қылады наз.

24