Jump to content

Page:Akbope (Isa Baizakov 1945).pdf/13

From Wikisource
This page has been validated.

IV

Кеш еді, жаздың сұлұ нұр төгілген,
Жібектей жерге жасыл гүл себілген.
Көк шатыр, қызғылт теңбіл тақталанып,
Жерге кеп алыс аспан төңкерілген.

Шымқаған көк жиекте қызыл арай,
Көтерген күн шапағын қызыл тудай.
Тарауы сам жамырай көкке самғап,
Серпілген көк теңізі әрман қарай.

Көкжиек белдеу тартып қызыл нұрдан,
Шапағын шашыратып бұлттарға ұрған.
Маяктың жаңа жанған шамындай боп,
Жұлдыздар жаңа шықты сейіл құрған.

Жайлауға жаңа қонған ауыл сыймай,
Исімен мұрын жарған жас көкорай.
Айдынды ақ айнадай ортаға алып,
Тізіліп қонған бәрі көл жағалай.

Самалы салқын көлдің төске соғып,
Шомылған суға түсіп жұлдыз бен ай.
Жайланып мал отанда, жан ұяда,
Тыншыған мезгілі еді кештің сондай.

Ортада ақбоз үй тұр алтықанат,
Төселген кілем, киіз сән-салтанат.
Қаданың арасынан арқан тартып,
Кермеде байлаулы тұр тізілген ат.

Қаптаган үй алдында бала-шаға,
Жыйылған қыз-келіншек тамашаға.
Сыңкылдап әзілдесіп жүз құбылып,
Жарқылдап құдалар мен кұдаша да.