Бедеуін іліп алып жылқышының,
Әмірхан бетін кейін қайта бұрды.
«Мамакер» үзіп оттап тұрып қалған,
Бөгелмей аққан бойы келді соған.
Аттарын жылқышының қосып алып,
Жөнелді шоқырақпен шөлге таман.
Қаратау қала берді тұман басып,
Бұлттары шумақталып жоғары асып.
Таңдамай бар даланы безендіріп,
Күн шықты қызыл нұрдан шашу шашып.
Көсілген саржазықта сағым самғап,
Жол берді Әмірханға қойнын ашып.
Соқпаққа соқыр сорпа түсіп алып,
Жіберді жетек атқа қамшы басып.
Сол бетпен кұмға кірді көп ұзамай,
«Ақтарлан» алып келед жүр деп болмай.
Бірінші шалар жері қос шыңырау.
Адасса, алдырғаны әлдеқалай...
Қойнауы қаратаудың қалың жайлау,
Жанжалсыз, барымтасыз тұрмайды сау.
Қалмайды тайлы-таяқ, айғай шықса,
Әдеті бүлік іздеп күнде тынбау.
Ат шабыс, көкбар тарту жұма сайын,
Таныйсың айтқызбай-ақ кедей, байын.
Тай тулақ көбеңімен о да жүред,
Ал десе қошаметке болып дайын.
«Ақтарлан» қойып еді бәйге бермей,
Үнемі тұрған емес жеке келмей.
Күндеген күнде қызған бәсекешіл,
Намыстан жүруші еді аз-ақ өлмей.
9